"Мұрагер" туралы мәлімет
Мұрагер туралы мәліметтер
Қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетінің түп-тамыры өте тереңде жатыр.Халқымыздың ұлттық музыка өнері оның өмірімен, салт-дәстүрімен,әдет-ғұрыптарымен тығыз байланысты.Сонау Қорқыт атамыздың күйлерінен бері қарай 18-19 ғасырларда өмір сүрген халық композиторларының әндері, күйлері біздің заманымызға халықтың музыка педагогикасы, яғни, атадан балаға берілген асыл мұра арқылы жетіп отыр. Ол дәстүрлі ортада Шәкірт ұстазына еріп жүріп, жекеше түрде дайындалып,домбыра қағыстарын көзбен көріп,сөз иірімдерін құлақпен ілу сияқты нотасыз аспапта ойнауды меңгеру.
Осындай ұлттық педагогикалық әдіс-тәсілдерді негізге ала отырып Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Алматы қаласындағы «Көкіл» мектебінің директоры, күйші-композитор А.Ы.Райымбергеновтың жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің 1-7 сыныптарына арналған «Мұрагер» бағдарламасы шығарылған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – өзінің тілін, дінін, дәстүрін, өнерін, әдет-ғұрыптарын біліп,халқының асыл қазынасының мұрагері сезінетін, өз елін,туған жерін, атамекенін сүйетін Қазақстан Республикасының азаматын тәрбиелеу.
Бағдарлама төмендегі педагогикалық міндеттерді көздейді:
1) Домбыра сүйемелдеуімен ән айтып,күй тартуды үйрету,жыраулық дәстүр,айтыс өнерін меңгеріп,Батыс Еуропа және Шығыс музыка өнерінің дәстүрлерімен танысу;
2) Қазақтың кейбір қолөнер түрлерін үйретіп, оқушылардың көркемдік ой жүйесін қалыптастыру;
3) Балалардың творчестволық ынтасын, ой-өрісін, фантазиясын,қиялын дамыту;
4) Дәстүрлі өнеріміз арқылы қайырылымдылыққа, адамгершілікке,ізгілікке тәрбиелеп, мәдениетті,жан-жақты дамыған адам етіп шығару.
Бұл бағдарламаның басты темірқазығы – балаларға домбыра үйрету арқылы олардың жалпы халық өнеріне деген ынтасын арттыру.Домбыра үйрету барысында автарлар халықтық музыка педагогикасына арқа сүйеген.Ол домбыра қағыстарын көзбен көріп, сөз иірімдерін құлақпен ілу сияқты домбыраны нотасыз үйрету әдістемесіне негізделген.Сонымен қатар,дәстүрлі ортада шәкірт ұстазына еріп,жекеше түрде дайындалып,соңына еріп батасын алған.Ал бала саны жиырмадан асатын сыныпта бұл методикамен жұмыс істеу өте қиын.Сондықтан «Мұрагер» бағдарламасы балалардың санына қарамай кез келген сыныптарды қолдана беруге болатын,коллективті түрде нотасыз домбыра тартып,үйретудің әдістемесін ұсынады.
Бастапқы сыныпта алған білім жылма – жыл қайталанып, толықтырылып,дамытылып отырады.Домбыра тартудың ең қарапайым жаттығуларынан бастап,жеңіл әндер мен күйлер үйреніп,репертуарды жылма-жыл байыта, күрделендіре түседі.
Осының арқасында олар күйдің композициялық құрылысын түсініп,өз жанынан өлең ұйқастырып,бір-бірімен қағыспа түрінде айтысуға дейін жетіп,жыраулардың үлгісімен өз толғауларын шығаруға дейін жетеді.
«Мұрагер» бағдарламасында қазақтың ұлттық өнерімен қатар,Еуропа мәдениеті оның ішінде әлемге тараған опера,симфония,балет жанрларын өтеді. Ол жанрлардың пайда болуы туралы мәліметтер мен Европа саз аспаптары туралы қызғылықты әңгімелер баяндалады.Сонымен қатар Шығыс музыкасы мен Түркі мәдениетіне кең орын берілген.Бағдарламаның ең соңғы бөлімінде қазақ музыкасын басқа Европа елдерінің музыка мәдениетімен салыстыра келе, саз өнерінің өміріндегі алатын орны айқындалады.Бұл бағдарлама комплексті бағдарлама болғандықтан, басқа пәндермен де тығыз байланысады.( Мысалы математика, қазақ тілі, бейнелеу, дене тәрбиесі т.б.)
Бағдарламаның авторы Абдулхамит Райымбаргенов айтқандай, музыканы тек қана құлақпен тыңдап,көркемдік бұйымдарды тек қана көзбен көріп,тамашалау арқылы өнерге баулуға болмайды. Біздің бүлдіршіндеріміз халық өнерінің шынайы мұрагерлері болуы керек. Асыл өнерді өз қолымен жасай алатын адам ғана ата-бабадан қалған мұраны көбейтіп, байытып келесі ұрпаққа жеткізе алады.
Міне, осындай мақсатпен 2003 жылы«Мұрагер» бағдарламасы бүкіл Қазақстан мектептеріне эксперимент ретінде таратылып, қазіргі таңда он үшінші жыл бойы жұмыс жасап келеді. Ал 2004 жылы біз өз мектебімізде бірінші сынып аштық.Содан бері жылда бір-бір сынып қосылып қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша мектебімізде 16 сынып оқушылары дәріс алып, 300-ден аса оқушылар домбыра үйренуде.Осы бағдарламаны еліміздің мектептерінің музыка пәні мұғалімдеріне үйрету мақсатында 11 жыл көлемінде ғылыми- тәжірибелік семинарлар өтті. Ол семинарлар жыл сайын осы бағдарламамен жұмыс жасап жатқан еліміздің ірі қалаларында өтті. Бұл жылдары оқушылар домбырада бірнеше күйлер мен әндер үйренді.Бастауыш сыныптарда аңыз-күйлер тыңдап, халық композиторларының өмірбаяндары мен ән-күйлердің шығу тарихтарын өтіп, қазақтың ұлт аспаптарының түрлерімен, ою-өрнек түрлерімен танысуда. Ал 5-7 сыныптарда оқушылар айтыс өнерін үйреніп, атақты ақын-жырулардың жырларымен танысып, терме-толғауларды үйренуде. Бұл мектептегі бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейінгі «Мұрагер» бағдарламасымен оқитын оқушылардыңбарлығы бағдарламаның мазмұны мен аспапты еркін меңгерген. (әрі қарай 8-10 дейінгі сыныптар үйірме түрінде үйренеді)
Міне, осындай бағдарламаны облыс көлемінде тарату мақсатында жыл сайынқалалық, облыстық, республикалық семинарлар өткіземіз.2012 жылы өткізген республикалық семинарға еліміздің түпкір-түпкірінен келген «Мұрагер» бағдарламасымен сабақ жүргізетін ұстаздар мен Америка құрама штаттарынан келген профессор, «Ага хан» қорының аға консультанты Теодор Левин және Тәжікстан елінің өнертану ғылымының кандидаттары болды. Семинарда мектебіміздің осы бағдарламамен оқитын оқушының 275-сі қонақтардың алдында өз өнерлерін көрсетті. Осындай семинарлардың нәтижесінде қаламыздың қазақ мектеп ұжымдары барлығы дерлік осы бағдарламаны құптап, өз мектептерінде аша бастады. Қазіргі кезде қала бойынша қазақ мектептері барлығыжәне аралас мектептері музыка пәнін «Мұрагер» бағдарламасымен оқып жатыр.
«Мұрагер» бағдарламасымен оқитын сыныптардың оқушылары Қазақстан халықтар достығының ассамблеясында Елбасының алдында өнерлерін көрсетті. Облыс әкімдерінің алдында өнерлерін көрсетіп ризашылығына ие болуда. Домбыра аспабы бойынша өткізілетін қалалық, облыстық, республикалық байқаулардан осы сынып оқушылары жүлделі орындар мен бас жүлде жеңіп алуда. Жылда 1-наурыз «Алғыс айту» күні мен 1-желтоқсан «Тұңғыш президент» күніне өтетін облыстық, қалалық мерекелік шаралар мен акцияларға 200 домбырашылар шығып өнерлерін көрсетіп , өз үлестерін қосуда. Қалалақ мерекелік шаралар осы мектеп оқушыларынсыз өтпейді. Наурыз мерекесі, Тәуелсіздік мерекесі, домбыра күні тағы да басқа шараларға атсалыса қатысады.
«Мұрагер» бағдарламасымен оқитын оқушылардың ерекшеліктері, олар домбыра аспабында ойнауды ерте үйреніп,жоғарғы сыныптарға келгенде аспапты еркін меңгеріп алады. Бұл сынып оқушылары өте зерек және басқа сынып оқушыларына қарағанда білім сапасы жағынан көп ілгері. Еске сақтау қабілеттері жоғары, тіл байлықтары жақсы дамыған. Оған дәлел ретінде облыстық, қалалық олимпиадалардан оқушылардың жыл сайынғы жүлделі орындарға ие болуы. Қазақтың қасиетті қара дамбырасының арқасында оқушылар бүгінгі таңда осындай жетістіктерге жетіп отыр.
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра, - деп Қадыр Мырзалиев ағамыз жырлағандай, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі – болашақ ұрпағымыздың рухани байлығы мен мәдениетіне, қабілеті мен біліміне ұлттық дүниетанымына байланысты.
Олай болса бұл бағдарламаның болашақ ұрпақтың ата-дәстүрін, тарихын, өнерін дәріптейтін өз еліне деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуде аса маңызы зор.
Әрине, біздің республикамызда осындай бағдарламамен оқитын мектептер қанатын кеңінен жайса, нұр үстіне нұр болар еді.