"Абаймен асқақ ел" ата-аналар жиналысы
Абайымен асқақ ел
(Ұлы ақын А.Құнанбайұлының туғанына 175 жылдығына орай
ата -аналар жиналысында оқылған баяндама)
Дайындаған: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ж.С.Байзолдина
Биылғы жылы халқымыздың асыл перзенті ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған орай дүйім қазақ елі бабамыздың мерейтойын жыл көлемінде атап өтуді бастап кетті.
Абай! Қазағымыздың ақ маңдайына бақ боп туылған ұлы дана! Тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ аспанын надандықтың сұр бұлты торлап, меңдеп, тұрған кезі болды, қазақтың ұлт болып қалыптасқанынан бері бойындағы барлық ұлттық қасиеттерінің ұсақталып, жойылуға шақ қалған кездері болды. Тарихымыздың әр осындай тайғанақ кездерінде ел ішінен ұлты үшін, оның болашағы үшін жандары күйе шырылдап, тығырықтан шығар жол іздеген ұлт көсемдері, көшбасшылары шықты. Сондай ұлдарының бірі – Абай Құнанбайұлы.
Абай – ұлтымыздың ұлы ұстазы, рухани тәрбиешісі. Оның ұлылығы - өз заманындағы қоғамды ғана емес, қазіргі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамды, болашақ қазақ ұрпағының қоғамын тәрбиелейтін шығармалары арқылы мәңгілік қамал соғып кетуінде. Абайдың бүкіл шығармашылығын зерттеп, оның ерекше құбылыс екеніне көзі жеткен ұстаз,ұлтымыздың ұлтжанды батыл қызы, қазақтың хан апасы, тілжанашыры Қ.О.Бітібаева Абайды «Әлемдік ой дүиесінің Алыбы, Әлемдік саз өнерінің ірі құбылысы» деп аса жоғары бағалаған.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың
Жақсы менен жаманды айырмадың
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың. Ұлтжанашыры болған ақынның жан дүниесі осы еді.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық.
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Адал бол, бай тап,
Адам бол, мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді қазақ бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос - деп, оқырманына ой салады. Адам баласы барда адам бойындағы жақсы - жаман қасиеттердің де өмір сүретіні заңдылық. Абайдың бүкіл шығармашылығы -қай дәуір болмасын сол дәуірдің адамын тәрбиелейтін тәрбие құралы. Адамға рухани тәрбие беру, қай кезде болса да өте қиын әрі жауапты іс, әсіресе жаһанданған ақпаратты заманда оның салмағы тіпті ауырлай түсіп отыр. Ақын шығармаларының тарихи құндылығы сонда, ол өз заманында да, қазіргі таңда да, келешекте де адам ой санасына идеялық мақсатта қызмет атқаратын шығармалар жазды. «Адам бол, мал тап» дейтін Абай, «талаптан, еңбектен, терең ойлан, қанағаттан, рақымды бол» дейтін Абай, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекермалшашпақтықтан бойыңды алыс ұста, олар - дұшпаның» дейтін Абай, Адам баласын – бауырым деп қара» дейтін Абай. Ендеше, Сұлтанмахмұт ақын айтқандай, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» «Онда мәңгілік өзекті тақырыптарға адамгершілік, мораль, ар, ұят, ынсап, қызғаныш, еңбек, достық, адалдық, иман, гуманизм тағы - тағыларға жауап табасыз.
Абай поэзиясының бүкіл қайнар бұлағы - «Толық Адам» концепциясы. Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті деп адамның тұла бойы ыстық қайратқа, нұрлы ақылға, жылы жүрекке толы болуы керек. Әр адам Адам баласын сүйіп жаратқан «Алланы», Алла сүйіп жаратқан «Адамды», хақ жолы деп «Әділетті» сүюі керек. Бойында осы «Үш сүюі» бар адам - жүрегінде имани гүлі бар адам». «Үш қасиет» пен «Үш сүюді» игерген адам – ол толық адам. Міне, Абайдың ТОЛЫҚ АДАМЫ осы.
Неміс жазушысы Альфред Курелла: «Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл - таңғажайып, бұл – керемет» дейді.
Шеттегілер таңдана таңдай қағып оқып жатқан Абайды сіз оқыдыңыз ба?
Әр қазақтың шаңырағының төрінде қасиетті құраны, үкілі домбырасы, өрулі қамшысы және елбасымыз Қ. К. Тоқаев айтқандай, халқымыздың ұлы кітабы «Абай жолы» болуы керек. Шырайлы шығысымыздың қасиетті топырағынан жаралған қазақтың дара ұлының жерлесіміз екенін де ұмытпағанымыз абзал.
Ендеше, ұлы бабамыздың туғанына 175 жылдық мерейтойын әр қазақ аманатындай жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытып, жоғары дәрежеде өтуіне ат салысайық! Абай әлемімен танысайық! Сіздер болып, біздер болып, Абайдың биік моралдық принциптерді насихаттауға құрылған идеяларына баланың назарын аудартайық! Ата - ана қолына кітап алса, баланың да көзі бұрылары сөзсіз. Сіздер оқыңыздар, ата - ана, мұғалім, оқушы үш жақты әрекет болғанда ғана- нәтижеге қол жеткіземіз. Абайдың мемлекеттік дәрежеде атап өтілуі – оқырмандарының ақын шығармашылығымен қайта қауышуына өте зор мүмкіндік.
