Абай Құнанбайұлына арнау
6 «В» сыныбы қазақ әдебиеті сабағында оқу бағдарламасы бойынша берілген «Абайды оқы, таңырқа!» бөлімін аса зор қызығушылықпен оқыды. Оқушылар ұлы ақынның шығармаларымен, нақтырақ айтсақ, «Ғылым таппай мақтанба», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «бірінші қара сөзі», «жетінші қара сөзі», «отыз бірінші қара сөзі» шығармаларын оқып, жаттап, көңілдеріне тоқыды. Бөлім соңында балалар Абай шығармаларынан алған әсерлерімен бөліскен еді. Пән мұғалімі ретінде оқушылардың кейбірінің жазбаларын ашық жариялауды жөн көрдім.
Ж.С.Байзолдина

Мен Абаймен мақтанамын!
Құрметті, Абай ата! Біз жақында қазақ әдебиеті сабағында сіздің қара сөздеріңізді, өлеңдеріңізді оқыдық. Өте әсерлі! Әсіресе, отыз бірінші сөзіңіз маған өте ұнады.
Бұл қара сөзіңізден мен естіген нәрсені көкірекке байлап, ынтамен ұғу керектігін ұқтым. Уайымсыз - салғырттық, ойыншы – күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, құмарлану секілді ой кеселдерінен аулақ болуды ұқтым. Сіз ұрпақтарыңызға өлмес мұра қалдырдыңыз. Жақсылыққа үйретіп, жалқау болмауға шақырдыңыз. Сіздің шығармаларыңыз оқушысын жақсы адам болуға тәрбиелейді, адасып жүргендерге жол көрсетеді, қиналып жүргендерге күш береді. Сұлтанмахмұт атамыз «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деп қандай дәл айтып кеткен. Сіздің шығармаларыңызды оқып, біз, жас ұрпақ, тәрбие аламыз, өзіңіз айтқандай, сіздің асыл сөздеріңізді көкірегімізге байлаймыз.
Биыл сіздің дүниеге келгеніңізге – 175 жыл. Елімізде бұл айтулы күн болып, ерекше тойланып жатыр. Мен сондай қуаныштымын! Өйткені сіздің өлеңдеріңізді елбасынан бастап бүкіл халық болып жаттап, бір - бірлеріне жолдап жатыр. Араға қанша жыл салып, Сіз «қалың еліңіз – қазағыңызға» қайта қауышып жатқандайсыз. Сіздің ақыл, өнеге, ғибратқа толы шығармаларыңыз ел ішін аралап, бүгінгі «жаңа қазақтың» қолынан қайта табылды. Бұдан асқан бақыт бар ма?!
Барлық елдердің, барлық халықтардың өздерінің пір тұтар ұлы тұлғалары болады. Қазақ халқының пірі, ғұламасы өзіңізсіз, Абай ата! Күллі Қазақстан сізді мақтан тұтады, құрметтейді, тіпті сіздің шығармаларыңызды әлемнің сүйсініп оқитынына мен кәміл сенемін.
Аба ата, сіз - қазақ елінің мақтанысыз!

6 «В» сынып оқушысы Қалиасқарова Аяулым
Абай атаға арнау
Құрметті, Аба ата, мен сізді 175 жылдық мерейтойыңызбен шын жүрегіммен құттықтаймын.Сіз қысқа ғұмырыңызда ұрпағыңызға мәңгі жасайтын ұзақ ғұмырлы құдіретті туындылар қалдырдыңыз. Сол үшін сізге балалық жүрегіммен мың да бір рахмет айтамын!
Мен қазір 6 «В» сыныбында оқып жатырмын. Сіздің тамаша өлеңдеріңізді жаттап оқитын ұрпақтарыңыздың бірімін. Менсіздің «Ғылым таппай мақтанба», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңдеріңізді көңіліме тоқып, ұмытпастай жаттап алдым. Ұстазымның нұсқауымен адамның қанағатсыздығын көрсететін «Ескендір» поэмасын оқып шықтым. Тамаша екен!
Біздің сынып «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіңізді жаттап, өлең мазмұнында қойылым да қойдық. Мен ойлаймын, менің достарымның барлығы осы өлеңнен ерекше әсер алды деп.Біз өзіңіз атаған ТАЛАП, ЕҢБЕК, ТЕРЕҢ ОЙ, ҚАНАҒАТ, РАҚЫМ сияқты «бес асылды» бойымызға сіңіру керек екенін ұқсақ, ӨСЕК, ӨТІРІК, МАҚТАНШАҚ, ЕРІНШЕК, БЕКЕРМАЛШАШПАҚТАРДАН жирену, жиреніп қана қоймай, одан қашу керек екенін ұқтық, санамызға тоқып, көкірегімізге берік байладық.
Тұңғыш елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды күллі әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» дейді. Шынында да, өз заманында заңғар жазушы М.О.Әуезов Абайды, Абай арқылы бүкіл қазақты әлемге паш етті. Одан бері Абайтанушы ғалымдардың еңбектері де ұшан теңіз...
Ал, біз, жас ұрпақ ертең үшін не істей аламыз? Ойландыңыз ба?..
6 «В» сынып оқушы Сағынбек Әлижан
Абай атаға арнау
Абай – қазақтың данышпаны, кемеңгер ақыны, хакім ұстазы, халқымыздың мақтанышы!
Есімі де, еңбегі де тарих тасында ойып тұрып орын алған ұлы ақынның биыл 175 жылдық мерейтойы. Ел болып, халық болып, жаппай, бүкіл Қазақ елі сіздің тойыңызды ерекше тойлауда. Сіз араға бірнеше жыл салып, қайта оралғандайсыз. Көшелерде сіздің суреттеріңіз толып тұр. Әр жерде «менмұндалап» ғұлама ойларыңыз «оқы, ойлан, өзгер» дейді.
Мен сіздің өлеңдеріңізді, қара сөздеріңізді сүйіп оқимын. Әрине, кейбір ойларыңызды әлі жете түсіне бермеймін. Өйткені әлі жаспын, өсемін, ер жетемін, сонда толық түсінемін деп ойлаймын. Қазіргі уақыттағы тәрбиеме керек ойларыңыздың бәрін алып, көкейіме тоқып өсіп келемін...
Жақында «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» және «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдеріңізді бүкіл сынып болып оқып шықтық, тіпті кейбіріміз басынан аяғына дейін жаттап та алдық. Өлеңдеріңізді жаттаған оқушылардың бірі – менмін. «Көкірегі сезімді, тілі орамды, көңілінің көзі ашық жастарға үлгі берем деп жаздым» деген мағынадағы өлеңіңіз ұнады. «Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай, Және айта бер дейді жұрт тыным бермей» деген өлең шумақтарында айтқан ойлы сөзіңізді бүгін маңайымдағылардың кейбір әрекеттерінен көріп, сіздің жан дүниеңізді түсінгендей боламын. Кей сәттері өзім де сізге ұқсап, бір сәт өлең жазғым келіп кетеді. Бұл - сіздің құдіреттілігіңіз!
6 «В» сынып оқушысы Лунашар Әлішер
Абай атамен сырласу
Абай ата, мен сіздің 7-қара сөзіңізді зор ынтамен оқып шықтым. Маған ұнады. Сіздің қара сөздеріңіздің қай -қайсысында болмасын терең түсінік бар екен. Менің апам «Абай қара сөздері - шексіз тұңғиық»деуші еді. Сол сөзінің шет жағасын енді түсінгендеймін.
Менің адам болып тәрбиеленуіме ата-анам мен ұстазымнан кейінгі тәрбиешім Абай атаның қара сөздері болатынына мен кәміл сенемін. Өйткені мен ұстазымның арқасында Абай атаның қара сөздерінің ұлылығын ерте таныдым, жастайымнан оның ерекше туынды екенін ұқтым. Енді алдағы өмірімде әркез жанымнан табылатын тәрбиешім болатынына сенімдімін.
Жетінші қара сөзінде Абай : «Тәнқұмарыішсем, жесем, ұйықтасам десе, жан құмары «ол немене?», «бұл немене?», «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң,ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» дейді. Өте керемет айтылған ғой. Мен сіздің шығармаңызды оқып, ерекше әсер аламын, өзімді сенімдірек сезінемін. Бағытымның дұрыс екеніне көзім жете түседі. Менің өмірлік мақсатым қазіргі тура бағытымнан таймай, адамшылықпен өмір сүру. Сіз айтқан үш қасиет: «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» бірдей ұстауға тырысамын деп сізге сөз беремін!
6 «В» сынып оқушысы Тұрсынбекұлы Диас
Абайды оқымау – надандық.
Мен Абай атаның шығармаларын сүйіп оқитын оқушылардың бірімін.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол
Адам болам десеңіз
Тілеуің өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз... деп «бес жақсы» мен «бес жаманды» саралайтын Абайдың бұл өлеңін білмейтін қазақ жоқ шығар, шамасы?!
Менің ойымша, Абай өлеңін жатқа білмейтін қазақ болмауы керек. Өйткені, Абай ата шығармаларын ең бірінші «күллі қазаққа» арнады. Қазақты, оның мінезін түзеу үшін осыншама ғибратты, өнегелі шығармалар жазды. Қазақтың бойындағы жаман қасиеттердің бәрін алып тастап, жаңа қазақтың, образын жасағысы келді. Тек қазақ халқын ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани көсемі болып, нағыз толық адамның бейнесін ойлы сөздерімен соғып кетті. Сондықтан Абайдың өлеңдерін оқымау - өзіңніңрухани дамуыңа қойған тосқауылың. Мен барлық замандастарыма: «Абайды оқыңдар, оның шығармаларының нәрін алыңдар» дегім келеді.
Бүгінгі күн мен оның шығармаларымен тәрбиеленіп өсіп келемін. Қазақ халқының кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың ұлылығын мен оның шығармаларын оқығаннан кейін ұқтым.Мысалы, еріншектік туралы «пайда ойлама ар ойла», «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын», «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейді. 38-қарасөзінде «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрседен–надандықтан, еріншектіктен,залымдықтансақтан деcе, 15 –қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» дейді. Осыдан кейін Абайды қалай оқымайсың?!